
2026 жылдың 2–4 қазан күндері Бішкек қаласындағы Қырғыз-Түрік «Манас» университетінде XIV халықаралық «Түркі халықтарының дәстүрлі спорт ойындары» симпозиумы өтті.
Халықаралық ғылыми жиынға Қырғызстан, Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қытай, Косово және Ресей елдерінен, сондай-ақ Татарстан, Тыва және Қарашай-Шеркес республикаларынан ғалымдар мен зерттеушілер қатысты. Симпозиумның ғылыми бағдарламасы аясында барлығы 232 баяндама тыңдалды.
Қазақ спорт және туризм академиясының атынан Қазақ ұлттық спорт түрлері кафедрасы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Балықбайұлы, докторант Елдар Насиев және Спорттық менеджмен кафедрасының меңгерушісі Жасын Серікбайұлы қатысып, ғылыми баяндамаларын ұсынып, зерттеу нәтижелерімен бөлісті.
Іс-шара аясында Қырғыз-Түрік «Манас» университеті мен Қазақ спорт және туризм академиясы арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Түркі университеттері одағымен бірлескен жұмысты дамыту, академиялық байланыстарды нығайту, ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру және тәжірибе алмасу бағдарламаларын ұйымдастыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Симпозиум түркі халықтарының дәстүрлі спорт ойындарын ғылыми тұрғыдан зерттеу, сақтау, дамыту және насихаттау бағытындағы маңызды халықаралық ғылыми алаң ретінде өзара тәжірибе алмасуға және ғылыми байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді.









