
2026 жылғы 11 қарашада «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК (ҰЗМИ) ұйымдастырған QazCopyright жаңа цифрлық платформасының іске қосылуына арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Жаңа платформа авторлар мен құқық иеленушілердің құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару саласындағы қызметтерге қол жеткізуді жеңілдету мақсатында әзірленген. Іс-шара офлайн және онлайн қатысу мүмкіндігі қарастырылған гибридті форматта өтті.
Кездесу барысында келесі негізгі мәселелер қарастырылды:
🔹 авторлық құқық және құқықтарды ұжымдық басқару саласындағы заңнамаға енгізілген негізгі өзгерістер;
🔹 музыкалық туындылардың пайдаланылуын есепке алу тәртібі;
🔹 авторлық сыйақыны есептеу және бөлу тетіктері;
🔹 QazCopyright цифрлық платформасының функционалдық мүмкіндіктері;
🔹 құқық иеленушінің жеке кабинетін пайдалану тәртібі;
🔹 авторлар мен орындаушыларды платформада тіркеу тәртібі;
🔹 туындылар мен сабақтас құқықтар объектілері туралы мәліметтерді енгізу және жаңарту.
Кездесуге қатысушылар платформаның функционалдық мүмкіндіктерімен танысып, оны пайдалану тәртібі туралы ақпарат алды, сондай-ақ зияткерлік меншік объектілеріне қатысты авторлық және сабақтас құқықтарды тіркеу, басқару және қорғау мәселелері бойынша түсіндірмелер алды.
Осындай іс-шараларды өткізу құқықтық сауаттылықты арттыруға, авторлар мен құқық иеленушілердің ақпараттандырылу деңгейін көтеруге, сондай-ақ зияткерлік меншік саласында цифрлық құралдарды дамытуға ықпал етеді.
QazCopyright — авторлар мен құқық иеленушілердің құқықтарын басқару және қорғау үдерістерін жеңілдетуге, сондай-ақ олардың құқықтарды ұжымдық басқару жүйесімен өзара байланысын жетілдіруге арналған заманауи цифрлық құрал.






