
2026 жылғы 10–12 қараша аралығында Қазақ спорт және туризм академиясында Болгарияның София қаласындағы Васил Левски атындағы Ұлттық спорт академиясының өкілдерінің қатысуымен дәрістер мен практикалық сабақтар өткізілді.
Сапар аясында шақырылған мамандар спорттық гимнастика мен акробатика саласындағы кәсіби, ғылыми және практикалық тәжірибелерімен бөлісті.Іс-шара спикерлері:
🔹 Мария Гатева (Maria Gateva) — PhD докторы, қауымдастырылған профессор, Болгарияның спорттық гимнастикадан ұлттық құрамасының бұрынғы мүшесі;
🔹 Николай Иванов (Nikolay Ivanov) — аға оқытушы, Халықаралық гимнастика федерациясының (FIG) «Әлемдік деңгейдегі гимнаст» (2008) құрмет атағының иегері, 2009 жылғы Еуропа чемпионатының ерлер арасындағы көпсайыс бағдарламасы бойынша күміс жүлдегері.
10 қарашада спорттық гимнастиканың негіздері мен спортшыларды даярлаудың еуропалық тәсілдеріне арналған дәріс өткізілді. Спикерлер білім беру үдерісінің ерекшеліктерін таныстырып, өздерінің спорттық мансабы, жаттығу және жарыс қызметі барысында жинақтаған тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар Васил Левски атындағы Ұлттық спорт академиясының білім беру бағдарламалары мен оқыту әдістемелері туралы ақпарат берді.
11 қарашада қатысушылар спорттық гимнастикада және басқа да спорт түрлерінде қолданылатын күрделі гимнастикалық элементтерді орындау техникасы бойынша білімдерін жетілдірді. Теориялық бөлімнен кейін сабақтар ҚазСТА-ның гимнастика залында жалғасын тауып, студенттер мен оқытушылар алған білімдерін тәжірибе жүзінде бекітуге мүмкіндік алды.
12 қарашада қорытынды практикалық сабақтар өткізілді. Сабақ барысында шақырылған мамандар бастапқы және жоғары күрделілік деңгейіндегі жаттығуларды көрсетіп, олардың орындалу техникасын түсіндірді. Сондай-ақ жаттығу үдерісінде қолдану ерекшеліктері мен әдістемелік ұсынымдарымен бөлісті.
Сапар қорытындысы бойынша Қазақ спорт және туризм академиясының профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары мазмұнды дәрістері, практикалық сабақтары және кәсіби тәжірибелерімен бөліскені үшін Мария Гатева мен Николай Ивановқа шынайы алғыстарын білдірді.
Аталған іс-шара халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту, әріптестік байланыстарды нығайту және ғылыми-педагогикалық тәжірибе алмасу жолындағы маңызды қадам болды. Алынған білім мен практикалық дағдылар оқытушылардың, жаттықтырушылардың және студенттердің кәсіби құзыреттерін жетілдіруге ықпал етеді.
Қазақ спорт және туризм академиясы халықаралық ынтымақтастықты дамытуды жалғастырып, кәсіби өсудің және спорттық білім беру сапасын арттырудың жаңа мүмкіндіктерін кеңейте береді.




















