
Қазақ спорт және туризм академиясы президенті Қайрат Закирьянов Назарбаев Университеті автономды білім беру ұйымының атқарушы вице-президенті Аслан Сәрінжіповпен жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесу барысында тараптар алдағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындап, бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды дамыту мүмкіндіктерін, сондай-ақ жоғары білікті мамандар даярлау саласындағы тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
Әсіресе, спорт ғылымы бағытындағы зерттеулерді дамыту, заманауи спорттық инфрақұрылымды тиімді пайдалану және осы саладағы озық тәжірибелерді енгізу мәселелеріне басымдық берілді. Тараптар спорттық базаларды аралап, олардың мүмкіндіктерімен танысып, болашақта бірлескен ғылыми-зерттеу және оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізу жолдарын қарастырды.
Сонымен қатар, заманауи білім беру тәсілдерін енгізу, академиялық байланыстарды нығайту және білім сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды жүзеге асыру мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастықты жалғастыру және серіктестікті одан әрі кеңейту жөнінде келісімге келді.







