
«Шу – Аңырақай» ат жорығы – еліміздегі ат туризмін, туристік-спорттық бағыттарды дамытуға, ұлттық атқа міну мәдениетін жаңғыртуға және тарихи мұрамызды кеңінен насихаттауға арналған маңызды жоба.
Жорық барысында қатысушылар 110 шақырымдық бағытты атпен жүріп өтіп, табиғи кедергілерді еңсерді. Олар төзімділігін, дене дайындығын және шабандоздық шеберлігін жоғары деңгейде көрсетті.
Аталған жорыққа Қазақ спорт және туризм академиясының атынан Қазақ ұлттық спорт түрлері кафедрасының меңгерушісі Дәукей Д.С., кафедра меңгерушісінің орынбасары Копжанов Г.Б. және «Тайбурыл» ұлттық ат спорты орталығының директоры Бөрібеков Н.Е. қатысты.
«Шу – Аңырақай» бағыты – жай ғана спорттық сынақ емес, тарих пен табиғатты сабақтастыратын тағылымды сапар. Жорық қатысушыларға еліміздің тарихи орындары мен көрікті жерлерін танып-білуге, туған өлкенің табиғи ерекшеліктерін тереңірек сезінуге және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік берді.
Жорық қорытындысы бойынша белгіленген талаптарды орындаған қатысушыларға спорттық разрядтар берілді. Бұл – олардың жүйелі дайындығының, төзімділігі мен ат үстіндегі шеберлігінің лайықты нәтижесі.
Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстанда ат туризмін және спорттық ат жорықтарын жүйелі түрде дамыту, ұлттық мұраны ұлықтау, тарихи-мәдени нысандарды таныту және осы салада жаңа туристік бағыттар мен мүмкіндіктер қалыптастыру.
Ұлттық дәстүрді ұлықтап, ат туризмін бірге дамытайық!

















