
18–20 қараша аралығында Қазақ спорт және туризм академиясы Алматы қаласындағы «Атакент» көрме орталығында өткен XXV Қазақстандық халықаралық «Білім және мансап – 2026» көрмесіне қатысты.
Үш күн бойы Академия стенді болашақ талапкерлер мен көрме қонақтарының үлкен қызығушылығын тудырды. Келушілер білім беру бағдарламаларымен танысып, оқуға түсу талаптары мен болашақ кәсіби мүмкіндіктер туралы ақпарат алды. Академия өкілдері келушілерге кеңес беріп, барлық сұрақтарына жан-жақты жауап берді.
Көрмеде әсіресе туризм, мейрамхана ісі және қонақ үй бизнесі бағыттарына ерекше назар аударылды. Академия студенттері өздерінің кәсіби дағдыларын іс жүзінде көрсетіп, түрлі сусындар дайындау бойынша шеберлік сабақтарын өткізіп, стенд қонақтарына дәм ұсынды. Сонымен қатар, спортшыларымыздың әсерлі көрсетілімдері Академияның спорттық әлеуетін танытты.
Көрмеге қатысу ҚазАСТ үшін жастарға кәсіби бағдар берудің, Академияның білім беру мүмкіндіктері мен артықшылықтарын таныстырудың маңызды алаңына айналды. Біздің мақсатымыз – болашақ студенттерге мамандықтар туралы ақпарат беріп қана қоймай, Академия қабырғасында қандай білім мен тәжірибе жинақтауға болатынын көрсету.
КазАСТ-қа қызығушылық танытып, стендімізге келген баршаңызға алғыс білдіреміз! Сіздерді Академиямыздың студенттері қатарынан көруге қуаныштымыз! 💙

























