
Қазақ спорт және туризм академиясы, Дене мәдениеті және спорттың теориялық негіздері кафедрасының PhD, профессор м.а Есимгалиева Тлекши Махсотовна және магистр, оқытушысы Әбдіжәділ Еркеназ Әбибуллақызының жетекшілігімен студенттер арасында өзара сыйластық пен қауіпсіз қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Студенттер арасындағы буллинг және оны болдырмау жолдары» тақырыбында тренинг сабағы ұйымдастырылды.
Тренингтің негізгі мақсаты – жастарға буллинг ұғымын түсіндіру, оның түрлері мен салдарын талқылау, сондай-ақ эмпатия мен төзімділік дағдыларын дамыту болды. Іс-шара барысында қатысушылар рөлдік ойындар, топтық тапсырмалар және рефлексиялық жаттығулар арқылы буллингке қарсы әрекет ету жолдарын талқылады.
Тренингтің ерекше кезеңдерінің бірі – «Шешім бізде» атты топтық жұмыс болды. Онда студенттер нақты өмірлік жағдайларға талдау жасап, буллингтің алдын алу бойынша өз шешімдерін ұсынды. Сонымен қатар «Үш көзқарас» атты рөлдік ойында қатысушылар булли, құрбан және куәгер рөлдеріне еніп, әр тараптың сезімін түсінуге тырысты.
Іс-шара соңында студенттер «Бейбіт орта – менің таңдауым» атты ант қабылдап, өз оқу орнында жылы және қауіпсіз орта қалыптастыруға үлес қосуға уәде берді.
Бұл тренинг жастардың өзара түсіністігін арттырып, буллингке бейжай қарамау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.














Виртуальный помощник Казахской академии спорта и туризма