Без рубрики
ҚазСТА жас ғалымы әлемдік рейтингтегі QS-47 MSU-дан тағылымдамадан өтуде
2024 жылдың ақпан айынан бастап PhD докторы, Қазақ спорт және туризм Академиясының қауымдастырылған профессоры, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаты Айдын Дошыбеков М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде тағылымдамадан өтуде.
Тағылымдама аясында ғалым бірнеше халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысты.
21 наурызда М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі педагогикалық білім беру факультетінде профессор-оқытушылар құрамы, студенттер, магистранттар, аспиранттар мен тағылымдамадан өтушілер үшін ұйымдастырылған «Білім берудегі цифрлық ресурстар: іске асыру тәжірибесі» шеберлік сыныбына қатысты.
22 наурызда Шадр мемлекеттік педагогикалық университетінде онлайн форматта ұйымдастырылған «Түзету педагогикасының, арнайы психологияның және әлеуметтік жұмыстың ғылымы мен практикасының өзекті мәселелері: уақыттың сын-қатерлері» атты II Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның пленарлық отырысында «Виртуалды зертхана-олимпиадалық білім беруді әдістемелік және ақпараттық сүйемелдеу ретінде» тақырыбы бойынша баяндама жасады.
22 наурызда тәлімгер Мәскеу мемлекеттік психологиялық-педагогикалық университетінің Халықаралық дөңгелек үстелінің жұмысына қатысты. Дөңгелек үстел қазақстандық жоғары оқу орындарының өкілдері үшін арнайы ұйымдастырылып, ынтымақтастық мәселелері талқыланды. https://mgppu.ru/news/14041
Сондай-ақ, ғалым Ресей Спорт университетінің ғылыми-зерттеу жұмысы жөніндегі проректоры, п.ғ.д., профессор М.В. Жиярмен кездесіп, ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықтың келешектегі бағыттарын талқылады.
27 наурызда ғалым А.И. Герцен атындағы Ресей мемлекеттік педагогикалық университеті (Санкт-Петербург қ.) ұйымдастырған «Ашық цифрлық кеңістіктегі жаңа білім беру стратегиялары» атты Халықаралық жыл сайынғы ғылыми-практикалық конференцияға «Қазақстанға олимпиадалық білім беруді жүзеге асырудағы виртуалды зертхананың мүмкіндіктері» атты баяндамасымен қатысты.
Жалпы, барлық кездесулер жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты жетілдіру мен достық қарым-қатынасты дамытудың одан әрі тиімді жолдарын талқылаумен аяқталды.