Без рубрики

Журналистер Академияда қонақта

       Өткен аптаның сәтті күндерінің бірінде Қазақтың спорт және туризм академиясында  “Жас өркен”  ЖШС-нің директорының орынбасары, “Ұлан” газетінің редакторы Жұлдыз Әбділдамен және  жас журналист  Ильяс Сәрсенбаймен шығармашылық кездесу өтті.

20 жылдан астам журналистика саласында  қызмет атқарып келе жатқан,  қазіргі таңда редактор болып жүрген Жұлдыз Әбділда өзінің  журналистикадағы тәжірибесімен бөлісті. Журналист маманы болу үшін адамға таланттың қажет емес екендігі және  жазуға, сөйлеуге деген қабілеттің маңызды роль ойнамайтындығын журналист баса айта келіп, оның бәрі өмірлік тәжірибемен келетінін ескертті.

Ең бастысы, журналистика – табанды еңбекті, жауапкершілікті талап ететін мамандықтардың бірі. Жұлдыз Әбділда өзі бұл салаға өзінің қалауымен емес, отбасының шешімімен келгендігін және осы салада 20 жылдан астам уақыт табысты  қызмет атқарып келе жатқандығы іске деген  жауапкершілігі мен еңбекқорлығының арқасы екендігін атап өтті.

Жұлдыз Әбділданың «Спорт – үлкен құрбандықты талап ететін сала. Кез келген спортшының еңбегі әрқашан еленуі керек. Біз тек үлкен додаларда  Қазақтың көк туын желбіреткен жеңімпаздарды ғана дәріптеп, бар сый құрметімізді соларға көрсетіп жатамыз. Ал, спорт бәсекесі тек үш орынмен щектелмейді,сондықтан өз саласында нәтижесі көрсетіп, табысты еңбек етіп жүрген спортшыларымызды да құрметтеу білуіміз керек, – деген пікірі бәрімізді ойлантып тастады.

Жас та болса кәсіби салада  өз орнын тапқан жас спорт журналисі Ильяс Сәрсенбай кездесу барысында  өзінің бұл салаға қалай келгендігі, қандай қызықты оқиғаларды бастан кешкендігін баяндады. Жас журналист  тек өзі туралы ғана емес, журналистиканың біраз қыр-сырымен де бөлісті. Бізге танымал спортшымен жүргізілетін сұхбатта журналистің өзін-өзі қалай ұстау керектігі және сұхбат  барысында басты назарда ұстау қажетті мәліметтер туралы біраз кеңестер айтты.

Біз сияқты кәсіби спорт саласында білім алып жүрген, алайда журналистикаға деген қызығушылығы жоғары жастар үшін бұл кездесу танымды әрі нәтижелі болды.

Кездесу соңында  студенттер өздерінің  журналистерге арналған көкейкесті сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алып,  жылы лебіздерімен бөлісті.

 

 

Сондай-ақ тексеріңіз

Close
Close