АРХИВ

ҚазСТА-да Наурыз тойы тойланды

Ырыс пен ынтымақтың, береке мен бірліктің жаршысына айналған   Ұлыстың ұлы күні­ – Наурыз мейрамын тойлауды Қазақ спорт және туризм академиясы алғашқылардың бірі болып бастады. Жыл сайын Академияның ұйымдастыруымен өтетін «Әз-Наурыз» мерекесі ерекше сән-салтанатымен Наурыз тойының шымылдығын ашты.

Самарқанның көк тасы еріп, барша тіршілік атаулы ұйқысынан оянатын жаңару мен жаңғыру кезеңі атанған Наурыз мейрамы – Академия студенттері асыға күтетін ерекше мереке. ҚазСТА-да өткен мерекеге Академия басшылығы, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Мерекелік шара ақсақалдың ақ батасымен ашылып, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Алқалы жиында сөз алған ҚазСТА президенті, профессор Қ. Закирьянов: «Біздің халық үшін ең қастерлі ұғым ол – тәуелсіздік. Тәуелсіздіктің ғұмырын баянды болуы білімді әрі жігерлі жастардың қолында. Еліміздің Мәңгілік елге айналуы – Елбасымыздың басты мақсаттарының бірі. Ал мәңгілік елдің ұлттық құндылықтары да мәңгі болатыны ақиқат. Сондай ұлттық құндылықтарымыздың бірі – бүгін тойланып жатқан Наурыз мейрамы. Ұлыстың ұлы күні еліміз бен жеріміз үшін ырыс пен берекенің, бақыт пен тұрақтылықтың, жаңару мен жаңғырудың бастауы болғай», – деп, ақжарма тілегін білдірді.

Мерекеге жиналған қауым төрге жайғасып, берекелі дастарханнан дәм татты. Ұлттық ойындар ойнатылып, Академияның өнерлі жастары мен қазақ эстрадасының жас жұлдыздары әуелете ән шырқады. Той үстінде ұлттық салт-дәстүрімізден түрлі көріністер қойылды. Сонымен қатар студенттер арасында қол күресі, гір тасын көтеру, қазақша күрес, арқан тартыс, шахмат сияқты ұлттық ойындар ойнатылды. Қатысушылар «Ең дәмді Наурыз көже», «Ең әдемі ұлттық киім» номинацияларымен марапатталды. Аталмыш мерекені ұйымдастырушы Академияныңи тәрбие және спорттық- бұқаралық жұмыс жөніндегі проректор М. Есқалиев: «Академия қабырғасында Наурыз мерекесі жыл сайын өткізіледі. Мақсатымыз –оқытушылар мен студенттерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлау, ұлық мерекені ұлықтау әрі шетелдік студенттерге төл мерекемізді таныстыру. Наурыз мерекесі баршамызға тек жақсылық әкелсін, ең бастысы, еліміз бен жерімізде тыныштық, ауызбіршілік, береке болсын! Бірлігі жарасқан елдің еңсесі де биік болады», – дейді.

Наурыз мерекесі тұсында табиғат қана емес, адамдар да өз тіршілігін жаңартып, өзгертуге, рухани толысуға, жақсылыққа ұмтылады, қыстан аман-есен шыққанына тәубе айтып, үлкен үмітпен болашаққа көз тастайды. Жақсылық пен ізгіліктің бастауы болған Наурыз мейрамы барша қазақстандықтардың өміріне жаңа тыныс әкеліп, шуақты нұрына бөлегей.

 

Проверьте также

Close
Close