
Қазақ спорт және туризм академиясының 2-курс студенті, ACD-FOS-24-2 тобының студенті Михаил Шайдоров 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы атанып, ел тарихында өшпес із қалдырды.
Аталған Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан небәрі бес алтын медаль ғана берілді. Сол бес алтынның бірі – біздің студентімізге, біздің жерлесімізге, біздің мақтанышымызға бұйырды.
Михаил Шайдоров Қазақстан тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан елімізге қысқы Олимпиада ойындарындағы соңғы 32 жылдағы алғашқы алтын медальді сыйлады. Бұл – қажырлы еңбек пен табандылықтың, темірдей тәртіп пен шексіз сенімнің жемісі. Оның жеңісі – жас ұрпаққа үлгі, қазақстандық спорттың жаңа белесі.
Кеше чемпион туған жері Алматыға оралды. Халықаралық әуежайда оны зор қошеметпен қарсы алды. Салтанатты қарсы алу рәсіміне Алматы қаласының әкімдігі, Қазақ спорт және туризм академиясының басшылығы мен ұжымы, оқытушылар, студенттер және жанкүйерлер қатысты. Қала өз қаһарманын ерекше құрметпен қарсы алды: LED-экрандарда құттықтау бейнероликтері көрсетіліп, «Көктөбе» телемұнарасы мерекелік жарыққа бөленді.
Қазақ спорт және туризм академиясының басшылығы Михаил Шайдоровқа ел абыройын асқақтатып, академия мәртебесін халықаралық аренада жоғары деңгейде танытқаны үшін шынайы алғысын білдіреді. Біз Олимпиада чемпионының біздің студент екеніне зор мақтанышпен қараймыз. Академия алдағы уақытта да оның кәсіби дамуына жан-жақты қолдау көрсететін болады.
Бұл жеңіс – бір спортшының ғана емес, бүкіл елдің, ұлттық спорттың және академиямыздың жеңісі.
Мақтанамыз. Қолдаймыз. Жаңа биіктерге бірге ұмтыламыз.






















