
Қазақ спорт және туризм академиясында жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында «Эко-Болашақ: ЖОО қабырғасындағы жасыл бастамалар» атты экологиялық акция өтті. Іс-шараны Анатомия, физиология және спорттық медицина кафедрасы ұйымдастырды.
Кафедрада студенттерге «Экология және тіршілік қауіпсіздігі негіздері» пәні оқытылатындықтан, аталған акция теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға және қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын түсіндіруге мүмкіндік берді.
Іс-шараның ұйымдастырылуына кафедраның аға оқытушысы Қайырлбаева Э.М. және тәрбие жұмысына жауапты Ерданова Г.С. жетекшілік етіп, ұйымдастыру жұмыстарын үйлестірді.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоғамдық жауапкершілікті арттыруға бағытталған акцияға факультет деканының орынбасары, кафедра меңгерушісі және кафедра оқытушылары қатысты. Академия ұжымы бірлесе отырып, жас ағаштар отырғызды және аумақты көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.
Аталған бастама табиғатты аялау, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және экологиялық жауапкершілікті арттыру жолындағы маңызды қадам болды. Оқытушылар өз үлгісі арқылы жас ұрпаққа қоршаған ортаға ұқыпты қараудың және табиғатты қорғаудың маңызын көрсетті.
«Эко-Болашақ» акциясы академия қабырғасында экологиялық мәдениетті дамытуға, жасыл бастамаларды қолдауға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жұмыстарды жалғастыруға негіз болады.













