
Конференцияның ашылуында ғылым, халықаралық байланыстар және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жөніндегі проректор Гүлсін Уәлиевна Кенжебекова құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде ол спорт психологиясының дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандарды даярлаудағы маңызды рөлін, сондай-ақ оның спорттық қызметтің тиімділігін арттыру мен спортшы тұлғасын дамытудағы маңызын атап өтті.
Конференция жұмысының басталуымен қатысушыларды шетелдік әріптестер де құттықтады: Сібір дене шынықтыру және спорт университетінің профессоры Г.Д. Бабушкин, Ресей жаратылыстану академиясының профессоры, Тюмень мемлекеттік университетінің өкілі А.А. Гераськин, сондай-ақ Қырғыз мемлекеттік дене шынықтыру және спорт академиясының педагогика ғылымдарының докторы А.С. Қасмалиева.
Конференция барысында Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қытай, Тәжікстан және Қырғызстан елдерінен келген 16 ғалым мен маман, соның ішінде Қазақ спорт және туризм академиясының өкілдері ғылыми баяндамалар жасады. Ұсынылған ғылыми баяндамалар қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Әрбір баяндамадан кейін қатысушылар белсенді түрде сұрақтар қойып, пікір алмасты және кәсіби пікірталастарға қатысты. Талқылаулардың қызу өткендігі соншалық, модераторлар бірнеше рет регламентті сақтау қажеттігін еске салуға мәжбүр болды.
Конференция қорытындысы бойынша көптеген қатысушылар ұйымдастырушыларға іс-шараны жоғары деңгейде өткізгені және өз зерттеулерінің нәтижелерін ұсынуға мүмкіндік жасағаны үшін алғыс білдірді. Атап айтқанда, Беларусь мемлекеттік дене шынықтыру университетінің психология кафедрасының профессоры Светлана Евгеньевна Покровская конференция форматын кеңейтіп, халықаралық ғылыми ынтымақтастық мүмкіндіктерін арттыру жөнінде ұсыныс жасады.
Қатысушылар ұйымдастырушылардың конференция материалдарын электрондық форматта жариялап, жинақты барлық қатысушыларға жолдау туралы шешімін де жоғары бағалады.
Конференция жетекшісі,
педагогика ғылымдарының докторы
И.Ф. Андрущишин

















