
2026 жылғы 20–27 мамыр аралығында Алматы қаласында еліміздің үздік студенттік командаларын біріктірген «Студенттік спорт лигасының» республикалық кезеңі өтті. Ауқымды спорттық іс-шараның ұйымдастырушысы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Қазақстанның Ұлттық студенттік спорт одағының қолдауымен Қазақ спорт және туризм академиясы болды.
Бір апта бойы студенттер волейбол, баскетбол, футзал, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат және қазақ күресі бойынша өзара бақ сынасты. Лига студенттік спортты дамытуға, жоғары оқу орындары арасындағы тәжірибе алмасуға және жастар арасындағы спорттық ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды.
Жарыстарға еліміздің 48 жоғары оқу орнынан 1095 студент қатысты. Жаттықтырушылар мен команда өкілдерін қоса есептегенде қатысушылардың жалпы саны 1300 адамнан асты. Лиганың басты ерекшеліктерінің бірі – кәсіби спортшылардың қатысуына шектеу қойылуы болды. Бұл барлық командалар үшін тең бәсекелестік ортасын қалыптастырып, студенттік спорт қағидаттарының сақталуын қамтамасыз етті.
Жарыстардың елеулі бөлігі Қазақ спорт және туризм академиясының спорттық базаларында өтті. Академия қазақ күресі мен ерлер арасындағы футзал жарыстарын қабылдап қана қоймай, республикалық кезеңнің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына да белсенді үлес қосты.
Өз алаңында өнер көрсеткен Академия студенттері де жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Қазақ спорт және туризм академиясының командалары ерлер мен әйелдер арасындағы волейбол жарыстарында чемпион атанып, үстел теннисі, баскетбол және қазақ күресі бойынша жүлделі орындарға ие болды. Бұл оқу орнының студенттік спортты дамытудағы бай дәстүрі мен спортшылар дайындаудағы жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Лиганың салтанатты ашылу рәсімі 23 мамыр күні Алматы қаласындағы Спорттық-дайындық кешенінде өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Әкерке Абылайхан, Қазақстанның Ұлттық студенттік спорт одағының президенті Қайрат Закирьянов және бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге 380 медаль, 416 диплом, 36 командалық кубок және 100 алғыс хат табысталды. Сонымен қатар, командалық спорт түрлері бойынша үздік ойыншылар анықталды.
«Студенттік спорт лигасының» республикалық кезеңі еліміздің спорт өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды. Турнир Қазақстандағы студенттік спорттың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетіп, жоғары оқу орындары арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға және жастарды салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыруға ықпал етті.
Қазақ спорт және туризм академиясы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне, Қазақстанның Ұлттық студенттік спорт одағына, серіктестерге, жаттықтырушыларға, төрешілерге, еріктілерге және барлық қатысушыларға жарыстың жоғары деңгейде өтуіне қосқан үлестері үшін алғыс білдіреді.










































































































