
2026 жылғы 7 қарашада Қазақ спорт және туризм академиясында оқу орнының 82 жылдығына орай Қ.Р. Байдосовты еске алуға арналған XXIX халықаралық күрес фестивалі өтті.
Қ.Р. Байдосов атындағы күрес залында ұйымдастырылған дәстүрлі спорттық іс-шара жас спортшылардың, спорт ардагерлерінің, танымал балуандар мен құрметті қонақтардың басын қосты.
Жыл сайын өткізіліп келе жатқан фестивальдің басты мақсаты – отандық спорттың даңқты дәстүрлерін дәріптеу, көрнекті спорт қайраткерлерінің өнегелі жолын жас ұрпаққа үлгі ету, күрес түрлерін дамыту және халықаралық спорттық ынтымақтастықты нығайту.
Фестивальдің салтанатты ашылу рәсімінде Қазақ спорт және туризм академиясының президенті, профессор Қайрат Қайроллаұлы Закирьянов, грек-рим күресінен аты аңызға айналған балуан, Академия түлегі Дәулет Болатұлы Тұрлыханов, сондай-ақ Жарма ауданының құрметті азаматы Тілектес Әлімсейтұлы Шалжиен құттықтау сөз сөйледі.
Құрметті қонақтар спорттық дәстүрлердің сабақтастығын сақтаудың, жас спортшыларды қолдаудың және өскелең ұрпақты салауатты өмір салтына баулудың маңыздылығын атап өтті.
Фестиваль бағдарламасы грек-рим күресі, самбо, дзюдо және еркін күрес түрлерін қамтыды. Жарыс барысында қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, шеберліктері мен жеңіске деген жігерін көрсетті.
Алғаш болып бозкілемге грек-рим күресінен ҚазСТА біріншілігінің финалистері шықты. 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бірінші курс студенті Әбдуәлі Атабай Санат Арыстанбаевты 4:0 есебімен жеңіп, алтын медаль иеленді. Үшінші орындарды Заңғар Нұрлыбек пен Бекасыл Мейрамбек еншіледі.
70 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Айбар Жақсылықов жеңімпаз атанса, Тағылым Айту күміс жүлдеге ие болды. Әлішер Көпболов пен Бақарыс Төлеухан қола жүлдегер атанды.
Самбодан Академияның абсолюттік біріншілігінде де тартысты белдесулер өтті. Финалдық кездесуде Мадияр Сәрсенбеков Ералы Серікті жеңіп, бірінші орынды иеленді. Ал үшінші орын үшін өткен белдесуде Ақбар Сәкеев Мадияр Қабылды басып озды.
Дзюдо жарысында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Академияның екінші курс студенті Олжас Қарлыбаев жеңімпаз атанды. Бірінші курс студенті Ербол Смағұл күміс жүлдені, екінші курс студенті Санжар Бабжан қола жүлдені жеңіп алды.
73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ҚазСТА-ның төртінші курс студенті Нұрсұлтан Қауранбек алтын медальға қол жеткізді. Екінші орынды Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің екінші курс студенті Дидар Мысырғажы иеленді. Ал ҚазСТА студенттері Дәурен Берікбай мен Бекзат Махсетов қола жүлдегер атанды.
Фестивальдің ең тартысты әрі маңызды кезеңдерінің бірі – Қазақ спорт және туризм академиясы мен Қырғыз мемлекеттік дене шынықтыру және спорт академиясының студенттері арасындағы еркін күрестен халықаралық командалық кездесу болды.
Бес салмақ дәрежесінде өткен белдесулер көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Екі елдің жас балуандары жоғары спорттық шеберлік пен табандылық танытты. Нәтижесінде Қырғызстан командасы жалпы 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Фестиваль соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және кубоктармен марапатталды. Сонымен қатар спорт ардагерлері мен құрметті қонақтарға отандық спорттың дамуына қосқан үлесі және спорттық дәстүрлерді дәріптеудегі еңбегі үшін естелік медальдар табысталды.
Қ.Р. Байдосовты еске алуға арналған XXIX халықаралық күрес фестивалі спорттық шеберлікті шыңдайтын, жас балуандардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін және халықаралық достық байланыстарды нығайтатын маңызды алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қазақ спорт және туризм академиясының 82 жылдығы аясында өткен бұл айтулы іс-шара оқу орнының бай спорттық мұрасын сақтауға, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге бағытталған игі дәстүрдің жарқын жалғасы болды.





















