
2026 жылы 12 қарашада Қазақ спорт және туризм академиясында студенттерге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауының мазмұнын түсіндіруге бағытталған ақпараттық кездесу ұйымдастырылды.
Танымдық шарада баяндама жасаған Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және цифрлық технологиялар кафедрасының аға оқытушысы Тебегенова Эльвира Темірханқызы Президент Жолдауында көтерілген маңызды мәселелерге кеңінен тоқталды.
Кездесу барысында Қазақстанның алдағы даму кезеңіндегі басым бағыттары, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттері және қоғамның дамуындағы азаматтардың рөлі туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар студенттерге ел болашағына қатысты маңызды бастамалардың мәні түсіндірілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың саяси-қоғамдық сауаттылығын арттыру, Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттер жөніндегі білімдерін толықтыру және олардың ел өміріне деген белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру.
Кездесу соңында студенттер талқыланған мәселелер бойынша өз ойларын білдіріп, пікір алмасты. Ашық форматта өткен шара білім алушылардың қоғамдық-саяси үдерістерге қызығушылығын арттырып, Қазақстанның даму перспективалары жөніндегі көзқарастарын кеңейтуге мүмкіндік берді.








