
Қазақ боксының қара нарына тағзым: Абдысалан Нұрмахановтың 90 жылдығына арналған рухани кеш өтті
Қазақ спорт және туризм академиясында қазақ боксының даңқты өкілі, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, білікті жаттықтырушы Абдысалан Нұрмаханұлы Нұрмахановтың 90 жылдығына арналған тағылымы терең рухани кеш өтті. Бұл – ұлт спортына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның жарқын бейнесін ұлықтауға бағытталған маңызды шара болды.
Салтанатты жиынға еліміздің спорт және ғылым саласының көрнекті өкілдері, ардагер бапкерлер, қоғам қайраткерлері қатысты. Академия президенті Қайрат Қайруллинұлы Закирьянов өз сөзінде Абдысалан Нұрмахановтың қазақ спортындағы орны ерекше екенін атап өтіп, оның еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді.
Іс-шараның мазмұнын байыта түскен маңызды сәттердің бірі – модераторлық міндетті атқарған заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан бокс федерациясы атқару комитетінің мүшесі Қасым Сырбайұлы Мауленовтің мазмұнды пікірі болды. Ғалым өз сөзінде Абдысалан Нұрмахановтың тұлғалық болмысына терең тоқталып, оның спорттағы ерлігі мен адамдық қасиеттері кейінгі буынға үлгі екенін атап өтті. «Мұндай тұлғалар – ұлттың рухани тірегі. Абдысалан Нұрмаханов – тек спортшы ғана емес, ел намысын асқақтатқан қайсар азамат», – деді Қ. Мауленов.
Сонымен қатар, кеш барысында даңқты спортшының жары Күлпаш Ғалымжанқызы Шаймерденоваға құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар табысталды. Бұл — тек отбасыға ғана емес, ұлт спортына сіңірген еңбегіне деген құрметтің белгісі еді.
Жиында сөз алған белгілі бапкерлер мен спорт қайраткерлері Абдысалан Нұрмахановтың адамгершілігі, ұстаздық жолы және шәкірт тәрбиелеудегі рөлі туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті. Әсіресе, оның шәкірттері жолдаған бейнеқұттықтаулар кештің әсерін тереңдете түсті.
Кеш аясында арнайы бейнематериалдар көрсетіліп, академия студенттері өнерлерін ортаға салды. Бұл рухани кеш – өткенге тағзым, бүгінге тағылым, келешекке бағыт болған мазмұнды шара ретінде көптің жадында қалды.
Абдысалан Нұрмаханов – тек спортшы емес, ұлттық рухтың символы. Оның өмір жолы – табандылық пен еңбектің, елге деген адал қызметтің айқын көрінісі. Осындай тұлғаларды ұлықтау – ұлт руханиятын жаңғыртудың маңызды бөлігі екені сөзсіз.





































