
2026 жылғы 20 наурыз күні Алматы қаласындағы Қазақ спорт және туризм академиясында айтулы әрі тарихи оқиға орын алды. Академия президенті, профессор Закирьянов Қайрат аса мәртебелі «Кемел Тоқаев» орденімен салтанатты түрде марапатталды.
Бұл жоғары марапат – ел дамуына елеулі үлес қосқан, ғылым мен білім саласында үздік жетістіктерге жеткен, сондай-ақ қоғам игілігі жолында аянбай еңбек еткен тұлғаларға берілетін айрықша құрмет белгісі.
Орден атауы қазақ халқының көрнекті перзенті, Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі жазушы Кемел Тоқаевтың есімімен тығыз байланысты. Ол майдан даласында ерлік көрсетіп, «Отан соғысы» ордендерімен және «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған, сондай-ақ қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін қалаушылардың бірі ретінде танылған тұлға. Сондықтан бұл орден – ерлік, отансүйгіштік, парасат пен адал қызметтің символы болып саналады.
Профессор Закирьянов Қайраттың осы жоғары марапатқа ие болуы – оның ғылым саласындағы терең еңбегінің, отандық білім беру жүйесін дамытудағы зор үлесінің және жас ұрпақты тәрбиелеудегі қажырлы қызметінің айқын дәлелі.
Аталған жоғары марапатты Республикалық «Ер намыс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлиадин Ерболат салтанатты түрде табыстады.
Бұл күн Академия ұжымы үшін ғана емес, бүкіл ғылыми қауымдастық үшін маңызды тарихи сәт ретінде есте қалды.









