АРХИВ

Қазақстан бойынша еркін күрестен ең бірінші СССР спорт шебері Қабден Рахманқұлұлы Байдосовты еске алуға арналған «Күрес фестивалі» өтті.

Қазақ спорт және туризм академиясында қазан айының 28-і күні Қазақстан бойынша еркін күрестен ең бірінші СССР спорт шебері, әрі Қазақстан Чемпионатының және көптеген басқа да жарыстардың жеңімпазы, талай жыл Академия қабырғасындағы күрес кафедрасын басқарған Қабден Рахманқұлұлы Байдосовты еске алуға арналған «Күрес фестивалі» өтті.

Қабден Рахманқұлұлы қазақтың дене шынықтыру институтын тәмамдап, 18 жыл бойы күрес кафедрасында меңгеруші қызметін атқарып бүкіл өмірін өзінің сүйікті ісіне арнаған кісі. Ол  педагог мамандарын дайындауда, жоғарғы дәрежедегі жаттықтырушыларды тәрбиелеуде және жоғары шеберліктегі спортшыларды дайындауда  алдына жан салмады. Олардың көпшілігі біздің егеменді Қазақстанымыздың мақтаныштары болды және жоғары дәрежедегі жарыстарда біздің еліміздің жалауын желбіретті. Бүгінгі күнде Қабден Рахманқұлұлы қарапайымдылығымен, әдептілігімен, спортқа деген сүйіспеншілігімен біздің есімізде қалып отыр.

Қазақ спорт және туризм академиясында биыл XIX-шы  рет өткізіліп отырған еске алуға арналған «Күрес фестивалі», Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 26 жылдығына арналып өткізілді. «Күрес фестивалін» жыл сайын ұйымдастыруға ҚазСТА ұжымы және Қ.Байдосовтың туған- туыстары ат салысып жүр.

Жыл сайын өткізілетін «Күрес фестивалінде» қазақтың бір туар азаматтары  Жақсылық Үшкемпіров, Даулет Турлыханов, Юрий Мельниченко, Мәулен Мамыров және Мкхитар Манукян мен Ислам Байрамуков, Бақтияр Байсейітов пен Геннадий Лалиев, Нурбақыт Теңізбаев, Әсет Мамбетов, Георгий Цурцумия, Асхат Житкеев сынды Олимпиада ойындарының жүлдегерлері мен Чемпиондары және Әлем Чемпиондары тұрақты түрде қатысып келеді.

Биылғы фестивальде ҚазСТА-ның спорттық-көрініс залында күрестің әр түрінен, яғни еркін күрес, грек-рим күресі, дзюдо, самбо және қазақ күресінен палуандар өз өнерлерін ортаға салды. Осы жылы фестиваль бағдарламасында белбеу күресінен Қазақстан және Өзбекстан командалары кездесті.

Қ.Р.Байдосовтың ұжымдастары, туған-туысы және оқушылары «Күрес фестивалін» жоғары дәрежеде өтуге бар ынтасын салды. Көрермендер мен қатысушылар өткен күндерді еске ала отырып, палуандар шеберлігін тамашалап  күш-жігер алуына мүмкіндік алды.

IMG_4267 IMG_4277 IMG_4279 IMG_4286 IMG_4297 IMG_4300 IMG_4301 IMG_4307 IMG_4314

Close