АРХИВ
ҚазСТА студенттері «Жас отан» жастар қанатының IV съезін онлайн трансляция арқылы көрді.
Астана қаласында «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» Жастар қанатының екі күнге созылған кезекті IV Съезі өтті. Съездің басты мақсаты – «Жас Отан» жастар қанатының жарғылық құжаттарын реттеу, сондай – ақ «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы мен Елбасының 5 әлеуметтік бастамасын талқылау.
Съезге еліміздің аймақтарынан 1500-ге жуық дарынды жас қатысты. Аталған шараға Академия жастарының атынан Кәсіби спорт және жекпе-жек факультетінің деканның орынбасары Искаков Тайыржан қатысты. Съездің бірінші күні қатысушылар «Жас Отанның» басты қызметі мен осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Жастар арасындағы маңызды мәселелерді анықтап, шешу жолдарын ұсынды. Жыл басында ұйымның Орталық кеңес мүшелігіне үміткерлерді таңдау үшін өткізген сайлауының нәтижесі жарияланып, жеңіске жеткен 16 үміткер кеңес мүшелігіне 4 жылға сайланды.
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова съездің жұмысын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы құттықтау хатын оқудан бастады. «Мен сендерді белсенді түрде жан-жақты дамуға, спортпен, өнермен айналысуға, шет тілдерді үйренуге, отандық және әлемдік әдебиеттің терең мұраларын танып-білуге, ең бастысы, әрқайсыңды өз салаларында әлемнің ең озық мамандарымен иық тірестіріп, қатар тұра алатындай деңгейге көтерілуге шақырамын. Сендер ата-бабаларымызға арман болған, біздің буынымыз қалаған Тәуелсіздікті баянды етіп, біздің жеңісті жолымызбен жасампаз дәстүрімізді лайық жалғастыруға тиістісіңдер. «Жаңа әлемге жол саламыз» деген съездің атауы да жастарымыздың жаңашылдыққа деген ұмтылысын аңғартып, көңілге қуаныш ұялатады. Мен сендердің тың бастамаларыңды әрқашан қолдаймын. Ендеше жаңа әлемге салған жолдарыңыз әрдайым ашық әрі даңғыл болсын!»,– деді өз құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы.
Сьезге қатысушы жастар білім мен ғылымды, жеке кәсіпкерлікті дамыту, цифрландыру мен рухани жаңғыру және бес әлеуметтік бастама мен «төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты тақырыптарын кеңінен талқылады.
Айта кету керек «Жас отан» жастар қанатының биылғы съезі жаңа форматта өтуімен қатар тұңғыш рет елімізде әлеуметтік желі көмегімен онлайн трансляция арқылы көпшілікке ұсынылды. Сонымен қатар аталмыш съезде Орталық кеңестің жаңа мүшелері сайланып, өз саласының үздігі атанған әртүрлі мамандық иелері қатысты.
«Жас отан» жастар қанатының IV съезін онлайн трансляция арқылы көрген Академия студенттері съезд туралы өз ойларымен бөлісті. Жастар ісі жөніндегі бөлім директоры Абдинұр Сұлтанғалиев «Жас отан» жастар қанатының IV съезі жастар үшін жаңа леп пен үлкен рух береді деп ойлаймын. Бүгін біз онлайн трансляция арқылы өз ісінің үздігі атанған жастардың өсу жолын тыңдап ерекше әсер алдық. Шынында да елімізде жетістікке жетемін деген кез-келген жасқа көптеген мүмкіндіктер қарастырылған. Елбасымыздың бес әлеуметтік бастамасы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да жастардың дамуына жол ашатын жобалар деп білемін».